Аталған министрліктің және оның құрылымдық бөлімшелерінің, ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының, сондай-ақ, БАҚ өкілдерінің қызметкерлері қатысқан семинарда Конституциялық кеңестің мүшесі Унзила Шапақ алдымен Қазақстан тарихындағы кезінде қабылданған конституциялардан хабардар етті. Сонымен бірге, Қазақстан Конституциясы күні қарсаңында ұйымдастырылған бұл іс-шараның мақсатына тоқталды. «Бүгінгі семинарды өткізудегі басты мақсат – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, – деді ол. – Құқықтық сауаттылықтың негізі – заңның нормаларын өзінің пайдасы мен міндетіне заңды түрде қолдану. Бұған Конституция толық мүмкіндік береді. Ал қазіргі кезде Ата Заңымыздың әлеуе-
ті өте зор».
Конституциялық кеңес мүшесі мемлекеттік органдарға белгілі бір мәселеге байланысты сұрау-хат жолдағанда, оған жауапты қалай тез алуға болатынына да түсінік берді. Оның айтуынша, қандай да бір мекемеге хат жазған кезде, сол мәселеге қатысты Ата Заңның баптарында көрсетілген заңдық нормаларды, соған байланысты заң тармақтарын, Конституциялық кеңестің тиісті қаулыларын басшылыққа алған жөн.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»